Жаңалықтар

Астанада «Балалар әлемі» республикалық балалар оқулары байқауының жеңімпаздары анықталды

2022 жылдың 3 қарашасында Елорданың Оқушылар сарайында «Балалар әлемі» республикалық балалар оқулары байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, қазақ және шетел әдебиетін, ақын-жазушылардың шығармаларын терең зерттеуге тарту, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру.

Байқауға еліміздің жалпы білім беретін мектептерінің 3-10 сынып оқушыларынан 97 мыңнан астам бала қатысты. Олар аудандық/қалалық, облыстық іріктеулерден өтті. Байқауға қатысушылар 4 санат бойынша бақ сынады:

«Ертегілер әлемінде» тақырыбында бастауыш 3-4 сынып оқушыларына арналған кітаптар («Қазақ ертегілері» және «Алпамыс батыр»);

«Кел, балалар, оқылық!» тақырыбы 5-6 орта сыныптағы оқушыларға арналған кітаптар («Мен – апамның баласымын» және «Ағайынды Гриммдер ертегілері» атты);

«Ғасырлар тарихты жырлайды»  тақырыбы 7-8 сыныптағы жасөспірім балаларға арналған кітаптар («Ұшқан ұя» және «Гулливердің саяхаты»);

«Ұлы Дала эпостары» және «Ұлы Даланың даңқы» тақырыбы 9-10 жоғары сынып оқушыларына арналған  кітаптар (І. Есенберлин «Көшпенділер.Алмас қылыш» және Даниэль Дефо «Робинзон Крузо»).

Облыстық турлардың 80 жеңімпазы 2022 жылдың 2 қарашасында байқаудың ақтық сайысына қатысты.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсіміне Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Парламент депутаттары, Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдері, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналистер қатысты.

Астанада «Балалар әлемі» республикалық балалар оқулары байқауының жеңімпаздары анықталды

Іс-шараға қатысушыларды құттықтап Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров сөз сөйледі. Ол өз сөзінде: «Республикалық балалар оқуына еліміздің түпкір-түкпірінен сүрінбей өткен жүзден жүйрік қатысушыларымызды байқаудың межесіне жетуімен шын жүректен құттықтаймын. Орайы келіп тұрғанда баршаңызды тұғырына қайта қонған ұлттық мерекеміз Республика күнімен де құттықтаймын», – деп ыстық ілтипатын білдірді.

«Бұл байқау кітап оқу мәдениетімен қатар мемлекеттік тілдің жас буын ортасында кең таралуына үлес қосады. Аталмыш әйгілі туындылар адамның өмір жолында өлшеусіз азық болып, парасатты, кемел жастарды қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Осындай азаматтармен бірге біз Жаңа Қазақстанды және қоғамдағы ізгі құндылықтарды қалыптастырамыз», – деді вице-министр.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сауытбек Абдрахманов мен Аманжол Әлтай, Қазақстандағы ЮНИСЕФ басшысының кеңесшісі Бағдад Құлназаров, ҚР Жазушылар одағының мүшелері, ақын-жазушылар Серік Негимов, Шархан Қазығұл, Дихан Қамзабекұлы, Қуаныш Жиенбай және Роза Мұқанова тиісті номинациялар бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Астанада «Балалар әлемі» республикалық балалар оқулары байқауының жеңімпаздары анықталды

Салтанатты рәсім барысында ең белсенді қатысушыларға алғыс хаттары мен Marwin сертификаттары табысталды.

Қатысушылардың құрметіне арналып концерт өткізілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button