Жаңалықтар

Президент сайлауы: 7 жылдық мандат

Бүгін, 10 қараша күні Қызылорда қаласында «Президент сайлауы: 7 жылдық мандат» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті. Шараны ұйымдастырушы – ҚР  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ.

Жиын қатысушылары алдағы Қазақстанның саяси жүйесіндегі өзгерістерді талқылады. Атап айтқанда, сарапшылар қайта сайлау құқығынсыз жеті жылдық президенттік мерзімді енгізу туралы өз пікірлерін білдірді, сондай-ақ бұл өзгерістер елдің саяси жүйесіне қалай әсер ететінін талдады.

Іс-шараға Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Еркебай Ғалымжан, «Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы» КММ басшысының орынбасары Алмасбек Есмаханов, Философия ғылымдарының докторы, «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті» КеАҚ профессоры Баймырза Қожамберлиев, «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты» ЖШС директоры, саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мұрат Насимов, сондай-ақ «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ сарапшылары Серікқазы Какыбаланов, Жақсыбек Жиеналиев қатысты.

Өңірлік отырыс пікірталас форматында өтіп, шақырылған қонақтар – саясаттанушылар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғам белсенділері жиын тақырыбы бойынша өз пікірлерімен бөлісті.

Сондай-ақ мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне жас азаматтарды белсенді қатыстыру және құқықтық ақпараттандырылу деңгейін көтеру мақсатында іс-шараға жастар ұйымдарының белсенділері мен студенттері қатысты. Олар сарапшыларға отырыс тақырыбы бойынша бірқатар сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды.

Президент сайлауы: 7 жылдық мандат

Отырыс «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергеновтың модераторлығымен өтті.

«Президент сайлауы ел өміріндегі маңызды саяси оқиға. Мемлекет басшысы алдағы сайлаудың уақытын алдын-ала атап өтті. Бұл биліктің саяси бәсекеге негізделген жүйесінің болжамдылығын және тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Осыған сәйкес президентті қайта сайлану құқығынсыз бір мерзімге 7 жылға сайлау нормасы енгізілді. Бұл норма Конституцияның өзгермейтін принциптері болып қалады. Аталған өзгеріс билікті демонополия жасауға, демократия қағидаттарын нығайтуға бағытталады. Осылайша басқарудың супер президенттік формасынан кету түпкілікті бекітіледі», – деді модератор.

Президент сайлауы: 7 жылдық мандат

Жиынды Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Еркебай Ғалымжан ашты. Ол өз сөзінде алдағы сайлау азаматтарға мемлекеттің саяси өміріне, сайлау процесіне қатысу тәжірибесін алуға мүмкіндік беретіндігін айтты. Оның айтуынша, әсіресе, жастар өздерінің жарқын болашақтары үшін дауыс беру арқылы өзінің азаматтық ұстанымын көрсетуі керек.

Президент сайлауы: 7 жылдық мандат

«Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы» КММ басшысының орынбасары Алмасбек Есмаханов:

«Алдағы президенттік сайлау саяси тұрақтылықты нығайтатып, билікті монополизациялаудың алдын алады. Бұл шешім өз уақытында және орынды қабылданып отыр. Бүгінгі отырыс электоралдық белсенділікке өз әсерін тигізеді деп ойлаймын», – деді спикер.

Президент сайлауы: 7 жылдық мандат

Өз кезегінде «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті» КеАҚ профессоры Баймырза Қожамберлиев 7 жылдық мерзім дұрыс шешім екендігін айтты.

«Осы сайлау науқанында азаматтарымыздың саяси белсенділігін арттыруымыз керек. Қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзімді енгізу елімізге көптеген өзгерістер әкеледі. Себебі бір мерзімдік мандат болғандықтан, президент елді жақсарту үшін бар күшін салуға тырысады. Сондықтан да осы алдағы өтетін сайлауды қолдаймын, әрбіріміз осы сайлауға қатысумыз керек деп санаймын».

«Осындай аумалы-төкпелі заманда президент сайлауын кейінге қалдырмай, қазір өткізу біз үшін тиімді шешім болмақ. Әркім өзі таңдаған үміткерге дауыс беріп, сол адамға сенім артса құба-құп болар еді. Бұл қазіргі сәтте елдің бірлігі мен халықтың ынтымағы үшін маңызды қадам», – деді «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ сарапшысы Серікқазы Какыбаланов.

Президент сайлауы: 7 жылдық мандат

«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ сарапшысы Жақсыбек Жиеналиев президенттік мерзімді шектеу халықтың сенімін арттырады деп санайды.

«Дұрыс саяси жүйені құруға жол ашылады. Нәтижесінде биліктің ауысуы қалыпты жағдайға айналады. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, реформалардың нәтижесі мен тиімділігін байқау үшін 5 жыл жеткілікті. Сондықтан Президенттің 7 жылда бір мерзімге сайлануы қисынды. Еліміздегі саяси жүйе жаңа демократиялық тетіктерді қалыптастыруда. Бұл ретте азаматтардың ұсынылып отырған жаңа саяси реформаларды, оның ішінде алдағы президенттік сайлауды іске асыруға белсенді қатысуы да маңызды», -деп түйіндеді спикер.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button