Жаңалықтар

«Сайлау қорытындысы: Қазақстанның даму бағыты»

2 желтоқсанда Ақтөбе қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған «Sarap» эксперттік клубының өңірлік отырысы өтті.

Эксперттік клубтың отырысында өткен президенттік сайлаудың қорытындысы тақырыбы қозғалды. Жиынға қатысқан саясаттанушылар, қоғам белсенділері, жастар ұйымдарының өкілдері және ҚҚДИ сарапшылары Қазақстандағы саяси процестерді одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері талқылауға белсене қатысты.

«Бүгінде билік пен қоғам өзекті тақырыптар бойынша сараптамалық талқылауға және пікір алмасуға ерекше мүдделі. Біз үшін әр өңірдегі сарапшылардың пікірлерін білу маңызды: Президент жариялаған ауқымды реформалар қалай жүзеге асырылуда және олардың қазақстандықтар өміріне әсері қандай», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Отырыс Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Олжас Түсіпбекұлының модераторлығымен өтті. Модератор сайлаушылар санының 69,44% дауыс беруі саяси жүйені өзгертуге деген көзқарас пен алдағы реформаларға деген үмітті, Үкімет тарапынан нақты шешімдерді күтетінін көрсететіндігін айтты.

«Биылғы Президент сайлауы 2021 жылғы сайлау заңнамасына қабылданған түзетулер, 2022 жылғы референдум және конституциялық реформадан кейінгі жаңа саяси-құқықтық жағдайда өткізіліп отыр. Кезектен тыс өткен жетінші президенттік сайлау процесі халықаралық стандарттарға сай өткізілді деп баға берілді. Халықаралық ұйымдардың ескертпелерін де алдағы Парламент және мәслихат сайлауларында ескеру керек деп есептеймін. Сайлау бюллетендеріндегі «барлығына қарсы» бағаны мен оның көрсеткіші (5,8%) әлі де терең әлеуметтік зерттеу жүргізіп, саяси-экономикалық реформаны жалғастыру керектігін көрсетеді»,- деді ҚҚДИ сарапшысы Олжас Түсіпбекұлы.

«Сайлау қорытындысы: Қазақстанның даму бағыты»

Ақтөбе облысы Ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Нұрғиса Көшеров сайлау науқанында жүргізілген БАҚ жұмыстарына тоқталып, халықты ақпараттандыру үшін кандидаттарға бірдей мүмкіндіктер жасалғандығын айтты.

«Сайлау қорытындысы: Қазақстанның даму бағыты»

Профессор, философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжанов отырысқа қатысқан сарапшылардың алдында жастарға дұрыс, қисынды түрде сайлау қорытындысы бойынша ақпар беру міндеті тұрғандығын атап өтті.

«Тек қана биліктің жұмысын сынай беретін жастарды тәрбиелемей, сынай отырып, нақты ұсыныстар айтатын сананы қалыптастыруға ықпал ету керек. Осындай жаһандану заманында, яғни ақпараттың кез келген жерге жылдам жететін уақытында, пікірімізді еркін білдіріп, ашық қоғам құруымыз қажет».

«Сайлау қорытындысы: Қазақстанның даму бағыты»

«Президент Қ.К. Тоқаев саяси плюрализмге сүйене отырып, «түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидасын ұстану керектігін айтты. Пікірдің әр алуан болуы – демократияның шынайы көріністерінің бірі, сондықтан осы қағида көпшілікке ұнауы тиіс. Қазіргі кезде заң мен тәртіп үстемдік құратын Әділетті Қазақстан құру бәрімізге парыз екендігін түсінуіміз қажет. Ол үшін халық саяси сауатты болып, әрбір салада орын алып жатқан өзгерістерге атсалысуы құба-құп болар еді», – деді өз сөзінде ҚҚДИ сарапшысы Серікқазы Какыбаланов.

ҚҚДИ сарапшысы Жақсыбек Жиеналиев атап өткендей, 20 қарашада өткен президенттік сайлау – елдің саяси жаңғыруына жасалған алғашқы қадам.

«Ең маңызды өзгеріс – бір мерзімді Президенттік мандат. Бұл ретте Президенттің мандаты 2022 жылы қабылданған Конституцияға енгізілген түзетулермен айтарлықтай шектелгенін түсіну қажет. 7 жылға бір мерзімге шектеу мемлекеттік саясаттың «фиксациялық» бағытын айқындайды деуге негіз бар. Біріншіден, елімізде саяси жалпы тәртіп қалыптасады. Нақты бекітілген бір реттік мандат президенттік билікті анықтаудың қажетті құрамдас бөлігіне айналады. Екіншіден, заң шығарушы және атқарушы билік арасындағы ынтымақтастық тәжірибесін дамытуға ықпал етеді. Үшіншіден, жаңа элитаның ауысуын жеңілдетіп, геронтократияның алдын алуға көмектеседі», – деді сарапшы.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы, саяси ғылымдар кандидаты Асхат Кеңесов өз сөзінде көп жылдар бойы саяси консервацияда болған қоғам үшін кез келген өзгерістер мен оқиғалар маңызды екендігін, сондай-ақ осы сайлау саяси жүйеміздің жағдайының негізгі өлшемі екендігін айтты.

«Өткен президенттік сайлаудың басты қорытындыларының бірі –Қазақстан азаматтарының саяси мәдениетінің жоғары болуы. Қазақстан халқы шет мемлекеттердің деңгейімен салыстырып қарағанда жоғары белсенділік көрсетті. Бұл да азаматтардың сайлауға немқұрайлы қарамай, болашаққа зор сенім артып отырғанының бір дәлелі», – деді ҚҚДИ сарапшысы Рүстем Қанапиянов.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының оқытушысы Айнұр Болысбаева Ақтөбе облысы тұрғындарының сайлауға дайындығына тоқталды:

 «Қараша айынының 5-і мен 9-ы аралығында Ақтөбе қаласы мен облыстың 12 ауданында әлеуметтанулық зерттеу жүргізілді. Зерттеу іріктемесі 1500 адамды құрады. Экспресс зерттеу барысында сайлауға қатысуға дайындығын халықтың – 77,5% атап өтті. Оның ішінде аудан, ауыл тұрғындарының облыс орталығының азаматтарына қарағанда белсенділігі жоғары екендігі анықталды. Бұл гипотеза өз алдына 20 қарашада өткен сайлауда да дәлелденді.

 Дауыс берушілердің кандитаттарды қолдау көрсеткіші бойынша Қ.К. Тоқаев көш бастап тұр. Сонымен бірге, ерекше көңіл аударатын келесі мәселе С.Тұрсынбекованың Н.Ауесбаевпен шамалас дауыс жинауы. Бұл белгілі бір дәрежеде халықтың арасында С.Тұрсынбекованың қозғаған әйел құқықтары, гендерлік теңдік, отбасыдағы зорлық- зомбылық сынды мәселелерге Ақтөбе тұрғындарының елеңдеуінің көрсеткіші.

Үшінші мәселе – экспресс сауалнаманың нәтижелеріне сәйкес, 62% жуық респонденттер өз есімдерінің сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексеретіндігі белгілі бір дәрежеде саяси мәдениеттің дамып келе жатырғандығын дәлелдейді».

Басқа жаңалықтар

Back to top button