Жаңалықтар

«Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақы – 2022» лауреаттарын марапаттау салтанаты

2022 жылғы 2 желтоқсанда жыл сайынғы үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлық жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі Қарағанды ​​қаласы, Сәкен Сейфуллин атындағы ​​облыстық академиялық қазақ драма театрында өтті.

Шараны Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Марапаттау рәсіміне ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі, ҚР Парламентінің депутаттары, Қарағанды ​​облысының әкімі, кәсіпкерлік саласының, қайырымдылық және волонтерлікпен айналысатын ұйымдардың өкілдері қатысты.

ҮЕҰ-ға арналған марапат – аталған ұйымдарға республикалық, салалық және өңірлік деңгейде әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін бюджет қаражаты есебінен берілетін ақшалай сыйлық.

Министрлік 2017 жылдан бастап енгізген жүлденің мақсаты –Үкіметтік емес сектордың қызметін қолдау, ұйымдардың материалдық және кадрлық әлеуетін нығайту, қоғамға пайдалы жобаларды жүзеге асыруға ынталандыру. Сыйлыққа енгізілген күннен бері 287 үкіметтік емес ұйым ие болды.

2022 жылы конкурс төмендегі бағыттар бойынша өткізілді:

  1. Білім, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға жету
  2. Азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау
  3. Қоршаған ортаны қорғау
  4. Жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау
  5. Отбасылық, демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге үлес қосу
  6. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау
  7. Жетім, толық емес және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға көмек
  8. Халықты жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу
  9. Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау
  10. Мәдениет пен өнердің дамуы
  11. Тарихи-мәдени мұраны қорғау
  12. Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту
  13. Пробация қызметіне олардың есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге жәрдемдесу
  14. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу
  15. Азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу

Биылғы байқауға 15 бағыт бойынша еліміздің барлық облыстары,

республикалық маңызы бар қалалары мен елордамыздан 213 үкіметтік емес ұйым қатысты. Солардың ішінен 189 өтінім іріктеліп, 55 ұйым жеңімпаз атанды.

Іс-шара басында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі байқау жеңімпаздарын жүлделерімен марапаттады.

Министр алғы сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында елдегі қоғамдық-саяси реформалардың жаңа бағытын жариялағандығы, оның ішінде азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға да басымдық бергендігі туралы айтып өтті. Әрі қарай министрлік тарапынан азаматтық сектормен жұмыс істеу, ҮЕҰ-мен жобалық ынтымақтастықты трансформациялау бойынша бірқатар бастамалар қолға алынғандығына тоқталды.

«Үкіметтік емес ұйымдарды қаржылай қолдау тетіктерін жетілдіру бойынша заң қабылданды. Заң аясында қоғаммен жұмыс істейтін жаңа мемлекеттік қолдау тетігі – стратегиялық әріптестік енгізілді. Ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдау тетігі әзірленді. Гранттық қаржыландыру жүйесін ауылдық қоғамдық ұйымдардың сұранысына бейімдеп, жеңілдетілген режим ұсынылды. «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы әзірленді», – деді Дархан Қуандықұлы.          

Сондай-ақ, жеңімпаздарды  Қарағанды ​​облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ляззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шамиль Осин мен Әлия Әбсеметова, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Алмаз Ержан марапаттады.

Шара соңында өңір өнерпаздары байқау жеңімпаздарының құрметіне арнап концерттік бағдарлама қойды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button