Жаңалықтар

«Қазақстандық отбасылар – 2022» ұлттық баяндамасының таныстырылымы

2022 жылғы 19 желтоқсанда Астана қаласында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастыруымен «Қазақстандық отбасылар – 2022» ұлттық баяндамасының таныстырылымы өтті.

Баяндама ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша әзірленді.

ZOOM платформасында онлайн және гибридті форматта өткен шараға ҚР Парламент депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдар мен (Ішкі істер министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті) мемлекеттік емес ұйымдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері қатысты.

ҚҚДИ ұлттық баяндаманы дайындау кезінде еліміздің 17 өңірі (қалалар мен ауылдар) мен 3 республикалық маңызы бар қаладан 1200 адамды іріктеп, әлеуметтанулық зерттеу мен жаппай сауалнама жүргізді.

Баяндамада отбасы саясаты саласындағы ахуалға талдау жасалды, отбасыларды мемлекеттік-әлеуметтік қолдау, жанұядағы өзара қарым-қатынас және ата-ана болу әлеуеті, әйелдер мен отбасы институтының сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы іс-қимылға ықпалы сараланды, отбасыны қолдау орталықтарының қызметіне зерттеу жүргізілді.

Шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарованың модераторлығымен өтті.

«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі Жұлдыз Батталова «Қазақстандық отбасылар – 2022» ұлттық баяндамасының мақсатын айтып, 4 тарауына жеке-жеке тоқталды.

«Баяндама 4 тараудан тұрады, олардың әрқайсысында бірнеше кіші бөлімдер бар. Бірінші тарауда ҚР отбасы саясатын жүргізудегі қазіргі жағдайдың талдауы мен заңнамадағы проблемалар, мемлекеттік институттардың, сондай-ақ Отбасын қолдау орталықтарының қызметі зерделенді. Екінші тарауда аз қамтылған отбасыларды мемлекеттік әлеуметтік қолдау мәселелері қаралды. Үшінші тарауда азаматтардың ата-ана болу әлеуетін қалыптастыру және балаларды тәрбиелеу ерекшеліктеріне талдау жасалды. Соңғы тарауда отбасы институтының өзгеруі, сондай-ақ отбасы саясатын жүргізудің халықаралық тәжірибесі, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі, әйелдер мен отбасы институттарының сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы іс-қимылға ықпалы зерттелді»,-деді спикер. Оның айтуынша:

«Баяндаманың мақсаты – отбасы институты саласындағы негізгі проблемалар мен трендтерді анықтау және Қазақстан Республикасының отбасы саясатын жетілдіру үшін практикалық ұсыныстар әзірлеу».

Кездесуде БҰҰ Даму бағдарламасы мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен келісім шеңберінде «Мүгедек адамдардың экономикалық белсенділігі үшін жағдайлар жасау» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Құралай Жарова баяндама жасады. Спикер өз сөзінде:

«Қазіргі уақытта мүгедектерге ай сайынғы төлемдерді тағайындау арнайы құжаттар жинақтауды талап етпейді, өйткені барлық қажет деректер ақпарат жүйелерінде бар.

Жәрдемақы алу тәсілдеріне де өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, әлеуметтік қамсыздандыру, бизнес-процестерін оңтайландыру мен цифрландырудың арқасында көп балалы отбасылар әлеуметтік төлемдерді алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ смартфон арқылы өтініш бере алады»,-деді.

ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Татьяна Липина сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы тұру процесіндегі әйелдер мен отбасы институтының әсері туралы баяндады.

«Гендерлік квоталар ұйымдардағы, мемлекеттік лауазымдардағы әйелдердің санын арттырады және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетеді. Азияның 38 елінен алынған деректерге негізделген эмпирикалық тұжырымдар «Әйелдердің саяси өмірге араласуы Азия елдеріндегі сыбайлас жемқорлықты азайтуы мүмкін» екенін көрсетті. Қазақстанда бұл гипотезаны кез-келген ұйымға әйел басшы келгенге дейінгі және одан кейінгі сыбайлас жемқорлық деңгейін өлшеу арқылы тәжірибе жүзінде тексеруге болады.

 «Әйелдердің саяси құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» индексі бойынша Қазақстан 146 елдің ішінде 103-орында»,- деді спикер.

Шара соңында қатысушылар «ашық микрофон» арқылы пікір алмасып, ұсыныстарын айтты.

«Қазақстандық отбасылар – 2022» ұлттық баяндамасының таныстырылымы

Басқа жаңалықтар

Back to top button