ҚҚДИ қызметкерлері ҚР Парламенті Сенаты ұйымдастыратын Талдау мектебінің іріктеуінен өтті

ҚР Парламенті Сенаты екінші рет ұйымдастырып отырған Талдау мектебінің іріктеу нәтижелері жарияланды.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қолдауымен өтетін жобаға 300-ден астам өтініш қабылданып, олардың 60-ы іріктеліп алынған. Талдау мектебіне жолдама алғандардың қатарында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ сараптама және әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының бас менеджері Сүйіндік Қабыл мен Бағдарлама жобалары басқармасының жоба менеджері Руслан Беген бар.
Қатысушыларды іріктеу кезінде сараптамалық материал жазып жүрген, ғылыми дәрежесі бар, мемлекеттік басқару жүйесінде, ұлттық компанияларда, ғылыми-зерттеу институттарында, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін үміткерлер артықшылыққа ие болған.
Жобаның мақсаты – әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы жас мамандарға арналған талдамалы зерттеулер мен талдау мәтіндерін жазу дағдыларын жетілдіру.
Қазақстандық және шетелдік сарапшылар 3 тілде дәріс оқитын мектептің жұмысы 2023 жылғы 21 қаңтарда басталып, 8 аптаға созылады. Дәрістің сенбі күні өтетіндігі де қатысушылар үшін өте ыңғайлы.
Айта кетейік, жобаның бастамашысы – Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы.