Жаңалықтар

Астанада өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтіп жатыр

Алғаш рет елордамызда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтіп жатыр. 2 күнге созылатын іс-шараға еліміздің аймақтарынан БАҚ саласын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген медиа мамандар келді.

Форумда журналистік материалдарды жазудың жанрлық түрлері мен стилистикасы, дәстүрлі және жаңа медиа, аймақтық БАҚ-ты дамыту, медиакеңістіктегі мемлекеттік тілдің қолдану аясы, конвергентті журналистика, басылымдардың сапасын арттыру және оларды оқырманға уақытылы жеткізу мәселелері  талқыланды.

Астанада өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтіп жатыр

Жиынның шымылдығы елге белгілі журналистер мен медиахолдинг басшыларының “Жаңа жағдайдағы баспа БАҚ” және “Баспа ісі – шындықтың күші” деп аталатын панельдік отырыстарымен түрілді. Олар газет-журналдарға оқырманның сұранысын арттыру, басылымдарды бәсекеге қабілетті ету, заман ағымына сай дамыту туралы тәжірибелерімен бөлісіп, БАҚ-тың қазіргі тыныс-тіршілігін сарапқа салды.

Форумның пленарлық отырысына Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп қатысып, отандық журналистиканы дамыту тетіктерін айтты. Мемлекеттің ақпараттық саясатын тиімді жүзеге асыру, «Масс-медиа туралы» заң жобасын жетілдіру мәселесіне тоқталды.

Ал  «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасы Нұрбек Матжани өз сөзінде өңірлік басылымдардың жағдайын ғылыми тұрғыда саралау қажет екендігін және зерттеу кезінде журналистердің бұл іске белсенді араласуы керек екендігін айтты.

Еске салайық, «Қазмедиа орталығының» ғимаратында  форумның 2-күні өтіп жатыр. Бүгін де өңірлерден келген 200-ден астам делегат БАҚ саласының өзекті мәселелерін сараптап, түрлі сессиялар, мастер класстар, тағылымды талқыларға қатысады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button