Жаңалықтар

«Қазақстандық отбасылар-2022» баяндамасы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде таныстырылды

«Қазақстандық отбасылардың заманауи портреті»,  «Әке-ана, ата-әже  институтының қоғамдағы рөлі», «Азаматтардың некелесу және ажырасу көрсеткіштері», «Репродуктивті денсаулықтың маңызы», «Отбасы институтының сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудегі ықпалы» сияқты қоғамның өзекті тақырыптарын қамтыған «Қазақстандық отбасылар-2022» ұлттық баяндамасы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде таныстырылды.

«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасы Нұрбек Матжанидың сөзінше, бұған дейін мұндай ауқымды зерттеу 2020 жылы жүргізілген. 2022 жылғы баяндаманың басты жаңалығы – алғаш рет әйелдер мен отбасы институтының сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу процесіне ықпалының зерттелуі.

Айта кетейік, баяндама 4 тараудан тұрады. Зерттеу кезінде еліміздің 17 өңірінен таңдалған 1200 респондент арасында сауалнама жүргізілген.

Брифингте Отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі Жұлдыз Батталова статистикалық деректерге кеңінен тоқталды.  Мысалы, қазіргі күні қазақстандықтар арасында некелесу көрсеткіші төмендеп келеді. Оның негізгі себептері – азаматтық некенің көбеюі, әлеуметтік-экономикалық жағдай және некелесу жасының ұлғаюы.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еліміздің  өңірлерінде 61 отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді, оның ішінде 36 орталық көп балалы аналарға көмек көрсету үшін құрылған. Дегенмен қазақстандықтардың көпшілігі аталған орталықтардың жұмысымен таныс емес. Мысалы, респонденттердің 70%-дан астамы Отбасын қолдау орталықтарының қызметін пайдаланбаған, 19,3%-ы мұндай орталықтардың бар екендігі туралы алғаш рет сауалнамадан білген. Тек 7,1% азамат аталған орталықтардың қызметіне жүгінген.

Спикерлерге «Неге ұлттық баяндамада отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қозғалмады?» деген сұрақ қойылды. Нұрбек Матжанидың айтуынша, биыл бұл тақырып бөлек, ауқымды зерттеу ретінде жарық көреді. Сондай-ақ ҚҚДИ сарапшылары 2023 жылы «Заманауи қазақ қоғамындағы гендерлік саясат», «Кеш ана атану», «Қазақстандық толық емес отбасылар», «Азаматтық қоғамның дамуы», «ҚР қоғамдық кеңестері» және т.б. тақырыптары аясында зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button