Жаңалықтар

«Сайлау-2023: жаңа электоралды циклдың қорытынды кезеңі» тақырыбында өткен «Sarap» эксперттік клубының отырысы

2023 жылғы 23 ақпан күні Астана қаласы Қазақстандық қоғамдық даму институтында «Сайлау-2023: жаңа электоралды циклдың қорытынды кезеңі» тақырыбы аясында  «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті.

Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды.

Жиынға қатысқан саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен ҚҚДИ сарапшылары Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізу мәселесіне қатысты ойларын білдірді. Сондай-ақ олар сайлау жүйесіне әсер еткен өзгерістерді талқылап, сайлау нәтижелерінің елдегі қоғамдық-саяси ахуалға қалай әсер ететінін саралады.

«Сайлау-2023: жаңа электоралды циклдың қорытынды кезеңі» тақырыбында өткен «Sarap» эксперттік клубының отырысы

Отырыста сөз сөйлеген Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев сайлаушыларға қысқа, түсінікті ақпарат беру керек екендігін айтты:

«Партиялардың сайлауалды бағдарламаларында көптеген күрделі құрылымдар бар. Үгіт-насихат науқаны туралы айтатын болсақ, оны бірнеше кезеңге бөлу керек. Кеше ғана партиялардың сайттарын ақтарып отырып, олар жариялауы тиіс бағдарламалардың жаңартылған нұсқасын таппадым. Сондықтан қазір ақпарат саласында партиялардың өз ұстанымдарын белсенді түрде білдіретін уақыты. Ал әзірге олар мұны істеген жоқ».

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина да биылғы сайлаудың ерекшелігін айта келе, халықты ақпараттандырудың маңызына тоқталды:

«Біз қазіргі жағдайда неғұрлым сайлау туралы барлық ақпараттарды орталықтандырсақ, соғұрлым өзімізге тиімді. Әртүрлі арнадан, әртүрлі сайттардан ақпарат іздегенше бір арнада тоғысқан жақсы. Барлық саяси партиялардың, саяси кандидаттардың тізімі және олар туралы ақпаратардың бір жерден табылғаны жұмысты жеңілдетеді. Мысалы, мен бүгін «Сайлау-2023» деген екі телеграм каналды қарадым. Біреуінде әлі күнге дейін 23 жазылушы ғана, екіншісінде – 3260, бірақ екіншісі сайлаудан басқа да ақпараттарды жариялай береді екен. Сондықтан «Сайлау-2023» деген сияқты ортақ ақпараттық ресурс құрып, барлық мәліметтерді жариялап отыруымыз керек», – деді спикер.

Сондай-ақ Қолданбалы саясаттану және халықаралық зерттеулер орталығының жетекшісі Айдар Әміребаев:

«Жаңа саяси таптың конфигурациясы қаншалықты тұрақты болатыны маңызды. Жасыратыны жоқ, бүгінде тіркеуден өтіп, сайлау процесіне қатысуға мүмкіндігі бар партиялардың көпшілігі мемлекеттің ұстанымын көрсетеді. Балама позицияны мажоритарлық тізімдегі кандидаттардан күтеміз. Сондықтан қоғамның қызығушылығын бір мандаттық жүйе бойынша сайлауға түсетін кандидаттар көбірек тудырады» – деп  атап өтті.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Нұрбек Пұсырманов болса, кандидаттардың саяси сауаттылығына назар аудару керектігін айтты.

«Жаңа электоралды кезеңді толықтыра түсетін уақыт – бүгінгі үгіт-насихат кезеңі. Қазір саяси партиялар арасында тартыстар басталды. Сондықтан олар өзінің кандидаттарын ұсынған жағдайда саяси білім туралы түсініктерін тереңнен қарау керек. Біз көп жағдайда қоғамдағы саяси мәдениетті қалыптастырамыз деп айтамыз. Шын мәнінде кандидаттардың саяси сауаттылығы, қоғам алдындағы сөйлеу деңгейі мен білімі болмай жатады. Сондықтан егер партиялар пікірімізді естіп жатса, болашақта да сайлау науқандары  болады, соған үлкен дайындықпен келу керек. 

Олардың қолданып жүрген ұрандары қазіргі кезеңге сәйкес келетін, келмейтіні туралы қоғам өз бағасын айта жатар. Сондықтан ұрандар шынайы болу керек, орындалмайтын уәдеге құрылмау керек».

Басқа жаңалықтар

Back to top button