Жаңалықтар

Баспасөз хатшыларына арналған семинар өтіп жатыр

Бүгін Астанада баспасөз хатшыларына арналған семинардың бірінші күні өтті. Екі күнге созылатын шараның мақсаты – мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыру және кәсіби машықтарын дамыту.

Белгілі журналистер мен коммуникация мамандары бас қосқан жиында қоғам мен мемлекеттік органдар арасында байланыс орнату, спичрайтинг, пресс-стратегия құру және мәтінмен жұмыс істеу, баспасөз қызметін жетілдіру және имидж қалыптастыру сынды тақырыптар талқыланды.

Шараның ашылу салтанатына ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, «M.NARIKBAYEV KAZGUU UNIVERSITY» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев қатысты.

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай қатысушыларға сәттілік тілеп, баспасөз қызметі жұмыстарының басым бағыттары мен маңызын атап өтті.

Баспасөз хатшыларына арналған семинар өтіп жатыр

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің айтуынша, бұл іс-шара MediaLab орталығының алғашқы жобасы.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Қазақстандық қоғамдық даму институты базасында MediaLab орталығы ашылды. Бұл орталық мақсаттарының бірі – коммуникация саласының мамандарының біліктілігін арттыру екенін атап өткім келеді.

Медиа саласы – біздің қоғамның келбеті. Сіздердің қызметтеріңіз мемлекеттің беделін, мемлекеттік қызметкердің имиджін қалыптастырады. Сондықтан ел алдында абыроймен жүру, кәсіби, рухани тұрғыдан үнемі кемелденіп отыру біздің күн тәртібімізден түспейтін мәселе болуы керек»,– деді спикер.

Баспасөз хатшыларына арналған семинар өтіп жатыр

«M.NARIKBAYEV KAZGUU UNIVERSITY» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев:

«Біздің университетіміздің негізгі миссиясы сапалы әрі қолжетімді білім беру арқылы қоғамға қызмет ету. Менің ойымша, мемлекеттік органдардың да негізгі миссиясы халыққа қызмет ету болу керек. Біз өз кезегімізде университет тарапынан әрқашан колдау көрсетуге дайынбыз.

Қазір қоғамда баспасөз хатшыларына және коммуникация мамандарына сұраныс бар екенін байқап отырмыз. Сәйкесінше, алдағы уақытта дәл осы мамандарға арнайы оқыту курсын, яғни майнор ашу ниетіміз бар», – деп атап өтті.

Ашылу салтанатынан кейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің экс-ресми өкілі Жанболат Үсенов, сондай-ақ медиа және коммуникация саласының мамандары Дана Саудегерова, Алма Сайлауқызы, Ақсұлу Санғали, Яков Федоров имидж  қалыптастыру,  әлеуметтік желілер арқылы қоғаммен байланыс орнату, кризистік коммуникация мен медиа менеджмент сынды тақырыптар аясында тренинг өткізіп, осы саладағы озық тәжірибелерімен бөлісті.

Семинар 3 наурыз күні де жалғасады. Бұл күні «Баспасөз қызметі: шиеленістер мен оларды шешу жолдары», «Қоғаммен байланыс орнату стратегиясы» сынды тақырыптар талқыланады.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button