Жаңалықтар

Мемлекеттік органдар баспасөз хатшыларына арналған семинар аяқталды

2023 жылғы 2-3 наурызда Астана қаласында мемлекеттік органдар баспасөз хатшыларына арналған екі күндік семинар өтті. Іс-шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Президентінің Баспасөз қызметі, Қазақстандық қоғамдық даму институтының «MediaLab» орталығы және M.NARIKBAYEV KAZGUU UNIVERSITY ұйымдастырды. Семинардың мақсаты – мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыру және кәсіби дағдыларын дамыту.

Жиында белгілі медиа және коммуникация мамандары баспасөз қызметін жетілдіру, қоғам мен мемлекеттік органдар арасында байланыс орнату, пресс-стратегия құру және мәтінмен жұмыс істеу, имидж қалыптастыру сынды тақырыптар аясында тренингтер мен мастер-класстар өткізді.

Мемлекеттік органдар баспасөз хатшыларына арналған семинар аяқталды

Кәсіби спичрайтер Дана Сәудегерова журналистермен қалай дұрыс байланыс орнату керектігі туралы баяндады.

“Өз аудиториясын білу – дұрыс коммуникация орнатып, сенім ұялатуды қалайтындар үшін бірінші ереже. Әрбір мақсатты аудитория жүздеген сипатқа ие болуы мүмкін.  Сондықтан компаниялар кімдерге өнім ұсынатынын және қажетті ақпаратты қалай жеткізу керектігін түсіну үшін өз аудиториясын мұқият зерттейді”.

Ал ҚР Сыртқы істер министрлігінің экс-ресми өкілі Жанболат Үсенов коммуникациядағы дағдарыс жағдайы кезіндегі баспасөз хатшыларының рөліне тоқталды.

“Оперативтілік. Аудитория әрқашан жағдайдың түсіндірілуін күтеді.  Өзара қарым-қатынастың болмауы сіздің оқиғаңызды басқалардың басқарып кетуіне әсер етеді.  Яғни, егер сіз түсініктеме бермесеңіз, оны басқа біреу жасайды.  Ақпаратыңыз, айтар ойыңыз, мүмкіндігінше, қарапайым және қысқа болуы керек.  Контексті түсіну, байланыстарды ұғыну және оларды іс жүзінде қолдану – баспасөз хатшысы жұмысының маңызды аспектілері”.

Сондай-ақ “TANBA” PR агенттігінің басшысы, “PRshy” клубының мүшесі Ақсұлу Санғали тренингте мемлекеттік органдар мен жеке компанияларға PR жасаудың қыр-сырымен бөлісті. Спикер пресс-релиз жазу туралы:

Пресс-релиз жазудың 7-8 технологиясы бар. Ең оңайы – “11 жас принципі”. Бұл 11 жастағы балалар сіздің жазғаныңызды түсінуі керектігін білдіреді. Пресс-релиз аудиториясы – тек журналист емес, журналист оны халыққа таратады. Ол – бір. Екінші –  пресс-релизіңізде, материалдарыңызда аудиал, визуал, эстетикалық контентті пайдалансаңыз, сіздің мәтініңіз әлдеқайда өтімдірек болады”,- деп атап өтті.

Семинардың екінші күні коуч, PR және кризис-менеджер Асқар Өтепқалиев, эмоционалды интеллект бойынша эксперт Әсел Мұратова, медиатренер, редактор Назгүл Қожабек және «Астана» халықаралық қаржы орталығының коммуникация бойынша басқарушы директоры Елена Пактың шеберлік сағаттарымен жалғасты.

«Баспасөз хатшысы үшін мекеменің дағдарыс жағдайына әкелуі мүмкін барлық шешімдерін қадағалап отыру маңызды.  Шешімге ықпал ету немесе өзгерту мүмкіндігі болмаса дер кезінде басшылықпен кеңесу қажет.  PR қызметі ұйымның бренді мен беделін нығайтуға, позицияны анықтауға, негізгі хабарламаларды таратуға және дағдарыс кезіндегі тәуекелдерді басқаруға жауап береді», – деді Елена Пак.

Еске сала кетейік, семинарға орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары қатысты. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға белсенділігі үшін алғыс білдіріп, сертификат табыстады.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button