Жаңалықтар

«Sarap» эксперттік клубының кезекті отырысы өтті

Бүгін Астана қаласында «Сайлау-2023: саяси коммуникация, өзара іс-қимыл және жауапкершіліктің өзекті тенденциясы» тақырыбында «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған шарада белгілі саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен ҚҚДИ сарапшылары биылғы сайлаудың ерекшеліктерін саралады.

Отырыста алғашқы болып сөз кезегін алған Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова:

«Саяси партиялар – билік пен азаматтық қоғам белсенділерінің арасын байланыстырушы, қоғамның талап-тілегін жеткізуші. Қазақстанда пікірталас институтын қоғамдық дискурсқа енгізу азаматтар мен билік арасындағы диалогтың іске асуы үшін сәтті байланыс құралы болмақ. Партиялар арасындағы пікірталас көп нәрсені аңғартты. Пікірталас мәдениеті, саяси қарсыласты жеңе алу,  оларды және электоратты өз пікіріне сендіре алу сияқты технологиялар бар. Бір айта кетерлігі, жаңа партиялар қарсыластарынан бағдарламасы, саяси мәдениеті және имиджімен ерекшеленеді. Алайда сайлау науқаны күрделі процесс екенін ескерсек, имидж қалыптастыру, бағдарламаны талдау, сараптау, қоғам қолдауына ие болу тыңғылықты даярлықты қажет етеді», – деді.

«Sarap» эксперттік клубының кезекті отырысы өтті

Өз кезегінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Электоралдық оқыту орталығының басшысы Жанар Бұқанова сайлау учаскелерінің дайындығы туралы айтты.

«Қазіргі уақытта 10 мыңнан аса сайлау учаскесі бар. Олар жан-жақты жабдықталған, мүгедектігі бар адамдардың жағдайы жасалған. Өйткені бірмандаттық бюллетеньдердегі кандидаттардың тізімі өте үлкен. Көзі нашар көретіндерге аудиожазба және арнайы брайл шрифтері бар. Айта кету керек, барлық сайлау учаскелерінде 86 мың азамат қызмет атқарады.  Бұл қызметкерлер каскадтық оқытудан өтті», – деді спикер.

«Sarap» эксперттік клубының кезекті отырысы өтті

ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының кеңесшісі Жасұлан Майлыбай биылғы сайлау науқанынында коммуникация, PR және имидж саласы мамандарына сұраныс артқанын айтты.

«Ендігі уақытта орталықта ғана емес, өңірлік деңгейде де осы тенденция жалғасатын болады. Себебі алдағы жылдары, Президентіміз жариялағандай, аудан әкімдерінің, облыстық деңгейдегі қала әкімдерінің пилоттық негізде сайлаулары өтеді деп жоспарланып жатыр. Бұл кезде де коммуникация, PR мамандарына деген сұраныс жоғары болады. Нәтижесінде, аталған мамандардың тәжірибесі артады. Сондықтан осындай демократиялық процесстердің жалғасуы маңызды»,- деді спикер.

«Sarap» эксперттік клубының кезекті отырысы өтті

Ал Ұлттық пікірсайыс федерациясының президенті  Болат Бұхарбай болса, өз сөзінде саяси пікірталас дәстүріне тоқталды.

«Байқасаңыздар, 3 пікірсайыстың арасында байланыс бар. Бірінші пікірсайыста бір партияның екінші партияға қойған сұрағы үшінші пікірсайыста жауабын тапты. Яғни, пікірсайысқа қатысушылар алдыңғы болған мәселелерді ескеріп, аргументтер айтып, алдын-ала қарсылық келтіріп, жақсы өнер көрсете білді деп ойлаймын. Бастысы, пікірталаста кім жеңсе де, қоғам үшін құқықтық, саяси сауаттылықты арттыру жолында пайдалы болды», деді спикер.

«Sarap» эксперттік клубының кезекті отырысы өтті

«Қоғамдық келісім» РММ директоры Элина Паули: «Саясаткерлердің жеңіске жеткен жағдайда халыққа берген сайлауалды уәделерін орындау-орындамауы – ең маңызды сұрақтардың бірі»,- деді. Ол өз сөзінде:

«Үміткерлер ұсынған бағдарламалардың тек қағаз жүзінде қалмағаны маңызды. Үгіт науқаны барысында кандидаттар проблемаларды анықтап, алдағы уақытта депутат атанған соң, соны пысықтайды деп үміттенемін. Болашақта формализмнен арылып, яғни сөзден нақты іс-әрекетке көшу үрдісін көргім келеді»,- деп  пікір білдірді.

«Sarap» эксперттік клубының кезекті отырысы өтті

Айта кетейік, іс-шара «ашық микрофон» форматында қорытындыланды. Қатысушылар бір-біріне сұрақ қойып, сайлауалды науқанды, үгіт-насихат жұмыстарының барысы мен өткен пікірталастарды талқылап, өз бағаларын берді.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button