«Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі» кітабының тұсаукесері өтті

2023 жылғы 3 сәуірде Астана қаласы, MAQSUT NARIKBAYEV университетінің қоғамдық кітапханасында медиа сарапшы, журналист, қоғаммен байланыс және коммуникация саласының маманы Маргерит Хокси Салливанның қазақ тіліне аударылған «Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі» (A Responsible Press Office in the Digital Age) кітабының тұсаукесері өтті. Кітапты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институтының Media Lab орталығы қазақшаға аударып, жарыққа шығарды.
Іс-шараға Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма Төрағасы Нұрбек Матжани, ҚР АҚДМ Ақпарат комитетінің төрағасы Елдос Нәшірәлі, «MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY» Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің кеңесшісі Дебра Ло және кітап авторы Маргерит Хокси Салливан қатысты.
«Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі» кітабында баспасөз қызметінің маңызы мен ережелері, атқаратын рөлі, проактив стратегиялық коммуникация қызметінің жоспары, веб-парақшалар мен әлеуметтік медиа, дағдарыс кезіндегі коммуникация туралы жазылған және баспасөз құжаттарының үлгілері жинақталған.
Маргерит Хокси Салливан, алдымен, бұл кітаптың алғашқы саны осыдан 20 жыл бұрын жазылғаны туралы және қазақшаға аударылған бүгінгі кітап соның екінші саны екенін айтып өтті.
“Кейбір елдерде баспасөз хатшыларына өзі жұмыс істейтін ұйым атынан сөйлеуге мүмкіндік берілмейтін кездер болып жатады. Кейде олар бірінші басшыларымен тікелей қарым-қатынас орната алмайды және шешім шығарған кезде олардың ой-пікірін ешкім сұрамайды. Бірақ, меніңше, шешім шығаратын үстел басында баспасөз хатшысының немесе ресми өкілдің отыруы өте маңызды. Себебі кез-келген шешім, бағдарлама қабылдар кезде “Мұны қоғам қалай қабылдайды?” деген сұраққа жауап бере алатын адам талқылауларда болу керек”, – деді спикер.
Сондай-ақ кітаптың қазақша нұсқасының жарық көруіне атсалысқандарға алғысын білдіріп: «Бұл кітапты жазған кезде әлеуметтік желілер бүгінгідей дамымаған еді. Баспасөз хатшыларына арналған тренингтер өткізетін едім. Кітапты жазған кезде осы саладағы тәжірибем мен бақылауларымды ескердім. Сондықтан бұл еңбек баспасөз хатшыларына ғана емес, журналистерге де пайдалы болады», – деп түйіндеді.
Тұсаукесер рәсімі сұрақ-жауап айдарымен жалғасты. Жиналған ғылыми қоғамдастық және медиа саласының мамандары кітап авторына сұрақ қойып, тәжірибе алмасты.