Жаңалықтар

«Медиа этика және отбасылық құндылықтар» дөңгелек үстелі өтті

Отбасы – өскелең ұрпақтың бойына құндылықтарды қалыптастырудың негізгі көзі, мемлекет мүддесі мен тұрақтылыққа тікелей әсер ететін әлеуметтік институт. Еліміздің отбасы саясатының басты мақсаты – отбасыларды қолдау, нығайту және қорғау, азаматтардың физикалық, зияткерлік, рухани, адамгершілік дамуына ықпал ететін қажетті жағдай жасау.

2023 жылғы 15 мамырда Астана қаласында Халықаралық отбасы күніне орай дөңгелек үстел өтті. «Медиа этика және отбасылық құндылықтар» атты шараның ұйымдастырушысы – Қазақстандық қоғамдық даму институты.

«Медиа этика және отбасылық құндылықтар» дөңгелек үстелі өтті

Жиынға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, ҚР Ішкі істер министрлігінің және ұлттық телекомпаниялардың өкілдері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген ҚҚДИ Басқарма төрағасы Нұрбек Матжани Отбасы институтын зерттеу орталығы дайындаған «Қазақстан отбасылары-2022» ұлттық баяндамасындағы деректерге тоқталды.

«2022 жылғы зерттеуде қазақстандықтардың 95,4%-ы отбасыларындағы қарым-қатынасқа көңілі толатынын айтты. Азаматтар бала тәрбиесінде еңбекқорлық (33,8%), өзін-өзі бағалау (31,8%), адалдық (31,7%), үлкендерге құрмет көрсету (25,3%), айналасындағыларды құрметтеу (16,6%) деген сынды құндылықтарға мән береді.

Айта кетейік, отбасы институтын нығайтатын факторлардың бірі – балалармен бірге уақыт өткізу. Қазақстандықтардың 86%-дан астамы отбасы мүшелерінің туған күндерін тойлауды жанұялық дәстүрге айналдырған. Сонымен қатар олардың жартысынан көбі Жаңа жыл, Халықаралық әйелдер күні сияқты мемлекеттік мерекелерді отбасымен бірге атап өтеді»,- деді Н.Матжани.

Дөңгелек үстелде отандық телеарналардың өкілдері, «Қамқорлық» және «Қорғау-Астана» қорларының басшылары баяндама жасады.

Шара отбасы институтының әлеуметтік портретін талдау, осы саладағы тенденциялар мен перспективаларды бағалау, сондай-ақ отбасы-неке қатынастары туралы ақпаратты БАҚ-та жариялау этикасын талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button