Елордамызда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен «Мeктeпкe дeйiн жәнe мeктeп жacындaғы бaлaлapды pухaни-aдaмгepшiлiккe тәpбиeлeу» cтpaтeгияcының талқылау отырысы өтті.

Онлайн түрде өткен отырысқа білім және тәрбие беру саласында қызмет етіп жүрген еліміздің әр өңіріндегі мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары, қоғам қайраткерлері мен мектеп директорлары және «Балапан», «EL ARNA» телеарналарының басшылары қатысты.

 

 

Отырысқа төрағалық еткен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева стратегияның басты мақсаттарының бірі – «Pухaни жaңғыpу» бaғдapлaмacының қағидаттарына байланыстыра отырып, тиімді әдістермен тәрбие жұмысын бір жүйеге келтіру және балаларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу екендігін айтты.

Айта кетейік, «Мeктeпкe дeйiн жәнe мeктeп жacындaғы бaлaлapды pухaни-aдaмгepшiлiккe тәpбиeлeу» cтpaтeгияcын бүгінде «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты әзірлеуде. Отырыс барысында «Рухани жаңғыру» басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова министр мен сарапшыларға стратегияның жобасын таныстырып, талқылауға ұсынды. Әсем Қайдарованың айтуынша, стратегия мектепке дейін және мектеп жасындағы балалар арасында «Pухaни жaңғыpу» бaғдapлaмacының нeгiзгi epeжeлepiн жүзeгe acыpуды көздeйдi. Саналы және ұлттық кодының бірегейлігін түсінетін тұлғаны осы бастан қалыптастыру маңызды саналады.

 

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты» деп атап өткен. Стратегия мектепке дейін және мектеп жасындағы балаларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеуге байланысты оқу-әдістемелік құралдар әзірлеуді, баланы жақсылық, қайырымдылық, ізгілікке тәрбиелеудегі мұғалімдердің рөлінің зор екендігін ата-аналарға ұғындыруға арналған нұсқаулықтар әзірлеуді және оқушылардың «Pухaни жaңғыpу» бaғдapлaмacының құндылықтарын терең түсінуге бағытталған ұсынымдарды мектеп бағдарламасындағы пәндермен байланыстыруды көздейді», - деді Әсем Қайдарова.

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласы 66 мектеп-лицейінің тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Толқын Бейсекова Стратегиядағы ұсыныстардың маңыздылығын атап өтті.

«Мектеп қабырғасында тәрбие деген сөзді – рухани білім беру терминімен тікелей байланыстырған жөн. Өйткені, тәрбиені ата-ана береді, ал мұғалімдер оқушыларға рухани білімді сіңіреді. Осы орайда стратегиядағы көптеген ұсыныстар көңілімнен шығып отыр. Мәселен, оқушылар арасында көшет отырғызуды дәстүрге айналдыру өте орынды ұсыныс. Өйткені, экологиялық сауатты ұрпақты қалыптастыру да әр мұғалімнің ұстаздық борышы. Әсіресе, қалалық өңірлерде қолына күрек ұстай алмайтын ұлдарды, шүберек ұстауға арланатын қыз балаларды жиі көреміз. «Үйде жасамаған шаруаны мектепте жасауы керек пе?» деп шағымдатып келетін тым балажан ата-аналарды да кездестірдік. Ал стратегияда баланы еңбекке тәрбиелеу мен еңбекке мәжбүрлеудің ара-жігі жақсы жазылыпты. Егер бұл стратегияны барлық мектептерге ортақ етіп, мемлекеттік деңгейде қабылдасақ, онда ибалы, сауатты, салауатты жастардың өзім шығарына сенімдімін», - деді Толқын Бейсекова.

Ал қоғам қайраткері, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің басшысы Дос Көшім мектеп бағдарламасына енгізілуі тиіс бірнеше ұсынысын білдірді.       «Біріншіден, мектеп сабағында «Қазақтарды біріктіру» деген сынып сабағын енгізу керек. Ұлтқа, руға, оралман және қандас сынды басқа тапқа бөлінуді тоқтату сабағын мектеп қабырғасынан бастау қажет. Екіншіден, Қазақстанды халықаралық аренаға шығарып, әлемді танығымыз келсе, мектеп қабырғасында «Әлем әдебиеті» пәнін енгізу қажет. Біздің балалар тек Пушкин, Лермонтовпен шектеліп қалмай, Джек Лондон, Роберт Стивенсон сынды әлем классиктерін де оқуы тиіс. Ал үшіншіден, бізге тегіміздегі «ева», «ова» сынды жалғаулардан құтылатын кез келді. Осыны бала 16-ға толғанда мектеп қабырғасында арнайы жинап, әр ұлттың тегіндегі маңыздылық жайлы үйрету керек. Мәселен, гүржілердің тегі «дзе», «ули», «швили» деп аяқталады. «Ян» деп аяқталған текті көрсең бірден армян екенін білесің. Ал біз неге «ұлы» деген жалғауды қолданбаймыз?», - деді Дос Көшім.

Отырыс барысында сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің пікірлері де тыңдалып, ұсыныстар Стратегияға енгізілетін болады.