Маусымның 24-і мен 26-сы аралығында Мемлекеттік жастар саясаты мектебінің аясында өңірлік жастар ресурстық орталықтарына арналған республикалық семинар-тренинг өтті.

 Онлайн форматта өткен семинар-тренингке Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардан 30-дан жастар ресурстық орталықтарының басшылары мен қызметкерлері қатысты.

 Аталмыш шарада Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев қатысушыларға лебіздерін білдіріп, семинардың маңыздылығын атап өтті.

 «Семинар-тренингтің мақсаты – өңірлік жастар ресурстық орталықтарының жұмыстарын үйлестіру, пікір алмасу арқылы басшыларының өзара байланыстарын күшейтіп, осы орталықтардың құзыреттіліктерін арттыру», - деді Аян Сакошев.

Айта кетейік, Мемлекеттік жастар саясаты мектебі – Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жүзеге асып жатқан бірлескен білім беру бағдарламасы.