«АР-ҰЖДАН БАТЫРЫ» ЖӘНЕ «ҚАЗАҚТЫҢ ЖОҚТАУШЫСЫ»

Потанин Григорий Николаевич (1835-1920 жж.)

Потанин Григорий Николаевич (1835-1920 жж.)

Ең көп із қалдырған қызмет саласы

Этнограф, шығыстанушы, саяхатшы, гуманист, фольклортанушы, түркі тілдерін, соның ішінде қазақ тілін жетік білген маман. Патшалық дәуірдегі қазақ халқының мүдделерін қорғаушы, Қазақстанның астанасы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының болашағын болжады.

«Егер біз Қазақстан автономиясына қол жеткізсек, біз Қараөткелді (қазіргі Нұр-Сұлтан) Алаштың астанасына айналдырамыз, егер біз мұнда жоғары оқу орнын ашып, қазақ ұлдары мен қыздарын оқытатын болсақ, онда Еуропа «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» поэмасын кім жазғанын, қазақтың дүниеге келген ең жақсы ұлдары - Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақып тағы басқаларын білетін болар еді.... Болашақта қазақтар әлемнің басқа халықтары арасында ең лайықты орын алады».

Г. Н. Потанин - Семей облысы Қызылжар уезіндегі сібір казак офицерінің ұлы. Әкесі Баянауыл ауданының Сүйіндік ауылында орыс казактарының жүздігін басқарған.

Қызықты өмірбаян деректері

Григорий Потаниннің есімі қазақтың көрнекті ғалымы және ағартушысы Шоқан Уәлихановтың есімімен, оның бүкіл өмірі бойындағы шынайы достықпен тығыз байланысты. Потанин Шоқанның өлімінен кейін көп салалы және баға жетпес туындыларды жинақтап, басып шығарып, шоқантану ғылымының дамуына үлкен үлес қосты.

Потанин: «Шоқанмен жиі кездесетінбіз. Шоқан екеуміз алдымен Петербургке университетте дәріс тыңдауға барамыз деп жоспар құрдық. Университеттен шыққан соң біз Орта Азияға сапар шегеміз деп ойладық». 

Этнограф сонымен қатар, Абай Құнанбаев, Мұса және Сәдуақас Шормановтармен тығыз жұмыс істеді, Имантай Сәтпаев (академик Қаныш Сәтпаевтың әкесі), Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Ермеков, Жақып Ақбаев және басқалары арасында үлкен құрметке ие болды. 

Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны Мұса Шорманов  ғалымның жақын досы болған. Ол Потанинге Шоқан Уәлиханов құрастырған қазақ шежіресін, ертегілер мен аңыздар мәтіндерін табыстады.

Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде Садуақас Мұсаұлы Шормановтың Г.Н. Потанинге жолдаған хаттарының көшірмелері сақталған. 1887 жылғы 10 ақпандағы хатында Сәдуақас әкесінің қайтыс болғаны туралы хабарлайды және Мұса Шорманов туралы естеліктер жариялауға көмек сұрайды. Екінші хатта Сәдуақас Шоқан Уәлихановтың, Сәдуақастың жұбайы Нұриламен бірге түскен суреттерін жібергені туралы хабарлайды.

Тұлға туралы қазіргі замандастардың естеліктері, зерттеушілердің, оқушылардың, ұрпақтардың пікірлері

Әлихан Бөкейхан Потанин туралы «Ол қазақтарға өзінің туыстары ретінде өте жылы қарады. Оның бұл өмірде жасаған жұмысы, мінезі әулиенің өміріне ұқсас».

Алаш партиясының көрнекті қайраткері Міржақып Дулатов ғалымның мерейтойына арналған мақаласында: «Ол жастайынан ғылымға, бүкіл өмірін Отанға қызмет етуге арнады, ол ғылым жолында ғаламат жұмыс жасады. Г.Н.Потанин - ерекше сергек, ол тек Сібірге ғана емес, бүкіл орыс зиялыларына танымал. Бүгінгі таңда бүкіл Сібірде тұратын барлық халықтар арасында Г.Н. Потаниннің 80 жылдық мерейтойы атап өтіледі, біз үшін ол құрметке ие азамат, ал  оның асыл ісі барлық құндылықтарға тең».

Міржақып оны «Сібірдің құрметті ақсақалы» деп атап, «Ардақты Қарт! Келдім бүгін тойыңа» деген жолдардан басталатын өлең арнады. 

Өміріндегі Қазақстанмен, қазақ халқымен байланысты бірегей оқиғалары 

Григорий Потанин Алаш Орда партиясының жетекшілерімен тығыз достықта болды. 1917 жылы Орынборда өткен 1-ші съезде Алаш партиясының Құрметті төрағасы болып сайланды.

Г.Н. Потаниннің 80 жылдығына Ахмет Байтұрсынов сыйлық ретінде Потанин жазып алған «Ер Сайын» дастанының толық нұсқасын баспаға дайындайды. Дастан тек 1923 жылы Халықтар халық комиссариатының Шығыс баспасында жарық көрді.

Кітап Сібір ақсақалының - (құрметті Григорий Николаевич) 80-жылдық мерейтойына арналған Ахмет Байтұрсыновтың бұрын жарияланбаған «Г. Н. Потанинге сыйлық ретінде» атты өлеңімен басталады:

Сексенді сен атқардың жұмыспенен, 

Күндерде қарлы жаңбыр жүріспенен. 

Әл бітіп, жаңа ғана аяқ басып, 

Іліндік біз де жетіп мерекеге. 

Тойыңа шашу алып шаттанамыз, 

Білдіріп жүрек лебін Грекеңе!!! 

Алдыңда алаш тарту ұсынып тұр, 

Қорынып сыйы нашар қысылып тұр, 

Жағдайсыз шаруаға шарт туғызған, 

Алаңды зор "соғыстың" тұсы боп тұр. 

"Орамал тонға емес, жолға" деп ал, 

Әзіргі ат-шапаны осы боп тұр.

Шығармашылық мұрасы

Оның Алаш партиясының екі жалпықазақ съезінде таза қазақ тіліндегі қазақ автономиясын қолдау туралы сөйлеген сөздерінің өзі қандай тұлға болғандығын көрсетеді.

Тарихи-мәдени мұрасы

Потанин Орта Азия мен Сібірге 5 ірі экспедицияны жүргізді. Екі халықтың - қазақ және орыс тарихи-мәдени қауымдастығының қалыптасуында екі халықтың жақындасуына айтарлықтай нақты үлес қосқан Григорий Николаевич Потаниннің ғылыми мұрасының маңыздылығын бағалау қиын.

Г.Потанин 240-қа жуық іргелі жұмыстардың авторы. 1886 жылы «Қазақтар мен Алтай түріктерінің аңыздары мен ертегілері» еңбегі үшін Императорлық орыс географиялық қоғамының Ұлы Константинов медалімен марапатталған.

Оның еңбектері Еуразияның әлемдік мәдени мұрасына енген. Қазақстанды зерттеуге Г.Н. Потанин көптеген еңбектерін арнады. Потанин өмір бойы 75 баспа бетіне этнографиялық материалдар жинады, соның ішінде 222 ертегілер, өлеңдер, аңыздар мен дәстүрлер.

1855 жылы орыс казактарының жетекшісі ретінде Жетісуда болды, Григорий Николаевич Алматы қаласының құрылысының басталуына ықпал етті.

Ол қазақ автономиясының идеологиялық негізі болған Сібір облысының негізін қалаушы болды. Патшалық Ресейдің орыс қоғамы мен қазақтардың орыстармен арасындағы достығының жаршысы.

1863 жылы ол Ресей мен Қытай арасындағы шекараны анықтаған комиссия құрамында болды. 1865 жылы Потанин Сібірді Ресейден бөлу идеясы үшін қамауға алынды. Ол Омск түрмесінде 3 жылға қамалды, тергеу аяқталғаннан кейін Вологод губерниясында ауыр жұмыс істеуге 4 жылға жер аударылды.

Г.Н. Потанин қоныс аударған орыс және байырғы қазақ халқының оң қарым-қатынасы туралы бірінші болып жазды. «Сібір казак әскері туралы жазбаларда» ол орыс казактарының ішінде қазақ тілі ауызекі тіл ретінде кеңінен қолданылатындығын атап өтті.

Марапаттар

Елеулі еңбектері

  • Урга// Всемирная иллюстрация: журнал. — 1891.  
  •  «Очерки северо-западной Монголии" в четырёх томах.
  •   Тангутско-тибетская окраина Китая и центральная Монголия", 1893
  •  Областническая тенденция в Сибири, 1907. 
  •  Восточные мотивы в средневековом европейском эпосе", 1899.
  •  Сага о Соломоне. Восточные мотивы к вопросу о происхождении саги, 1912.
  •  Ерке. Культ сына неба в Северной Азии. Материалы к турко-монгольской мифологии, 1916.
  • Сибирь. Монголия. Китай. Тибет. Путешествия длиною в жизнь

«Казах-киргизские и алтайские предания и сказки», «В юрте последнего киргизского царевича»; «Биографические сведения о Чокане Валиханове» еңбектері қазақтар мен Қазақстанға арналды. Ол даланы, оның тұрғындарын жақсы көрді, орыс қоғамының арасында қазақты кеңінен насихаттаушы болды. Оның «Материалы для истории Сибири», «Памятники сибирской истории XVIII века» еңбектері қазақтар мен орыстардың достығына айтарлықтай үлес қосты.

Библиография

  1. Обручев В.А. Григорий Николаевич Потанин. Жизнь и деятельность, - М., 1947.
  2. Литературное наследство Сибири., тт. 6, 7. - Новосибирск, 1983, 1987.
  3. Потанин Г.Н. Избранные сочинения в 3 томах / Под ред. Арын Е.М. - Павлодар: ЭКО, 2005.
  4. Потанин Г.Н. Избранные сочинения (из фондов Павлодарского областного историко-краеведческого музея им. Г.Н. Потанина). - Павлодар, 2010.
  5. Материалы международной научно-практической конференции «Потанинские чтения». – Павлодар, 2010. - 291с. - С.8.
  6. Шиловский М.В. Подвижник Сибири Г.Н. Потанин // Вестник Том. гос. ун-та. История, 2011. - № 2 (14). - C. 5–8.
  7. А.П. Потанин - фольклорист // Вестник Том. гос. ун-та. История, 2011. - № 2 (14). - C. 19–21.
  8. Зиновьев В.П. Г.Н. Потанин как друг азиатских народов // Вестник Том. гос. ун-та. История, 2011. - № 2 (14). - C. 34–36.
  9. Захаренко А.Л. Идеи областничества на страницах павлодарской печати в 1917 - нач. 1918 г. // Вестник Том. гос. ун-та. История, 2011. - № 2 (14). - C. 77–79.
  10. Рахимов Е.К. На родине помнят и чтут великого земляка (к 175-летию Г.Н. Потанина) // Вестник Том. гос. ун-та. История, 2011. - № 2 (14). - C. 80–82.
  11. Кабульдинов З.Е. «Астана: прошлое и настоящее». Астана, 2017. – 344 с.

Естеліктер

Потанин атында:

  • Батыс Қытайдың тау жүйелерінің бірі - Наньшаньдағы жоталар.
  • Алтайдағы Таван-Богдо-Ула тау торабындағы мұздық (1905).
  • № 9915 астероид, бастапқы белгілеу: 1977 ж. RD2 (1977).
  • Ресейлік Сібірдің Томск, Новосибирск, Омск қалаларындағы көшелер; Қазақстанның Петропавл, Алматы, Астана, Семей, Өскемен қалаларындағы көшелер.
  • Қазақстан Республикасы Павлодар облысы, Лебяжі ауданы, Қара ауылындағы мектеп (1957).
  • Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайы (1942).
  • Қызғылт (Rosaceae) тұқымды гүлді өсімдіктердің монотипті түрі - Потаниния (Potaninia Maxim.) және жалғыз түрі — Моңғолия мен Қытайда таралған, кішкентай гүлдері бар төмен өсетін бұталар - монғолдық Потаниния (Potaninia mongolica) (1881).

          Қоғам қайраткері, ғалым, этнограф, саяхатшы Потаниннің туғанына 175 жыл толуы Ресей мен Қазақстанда кеңінен атап өтілді. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция, Потанин оқулары өтіп, «Ұлы ғалымның мұралары» көрмесі ұйымдастырылды. 

2012 жылы Павлодар қаласында өмірін Отанға және ғылымға адал қызмет етуге арнаған, баға жетпес ғылыми және мәдени мұра қалдырған көрнекті ғалымдарға - Григорий Николаевич Потанин мен Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановқа ескерткіш ашылды. Екі ұлы ғалымға, зерттеушілерге арналған ескерткіш мызғымас тарихи және мәдени бірлестік пен халықтарымыздың байланысын білдіреді.