Нұр-Сұлтанда «JASTAR: ózekti másele» пікірталас алаңының алғашқы мәжілісі өтіп, сарапшылар Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» Жолдауы мен Қазақстан жастары дамуының өзекті мәселелерін талқылады.

Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент бүгінгі күннің басты мақсаты – сапалы ұлт қалыптастырып, халықтың дамуының жаңа парадигмасын құру екендігін атап өтті. Сондай-ақ ел алдында тұрған күрделі де, үлкен мәселелерді сәтті шешу үшін жаңа көзқарас, ортақ жүйе және жан-жақты қолдау қажет. Осы орайда «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының жанындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «JASTAR: ózekti másele» алаңын бастады.

  Ашық пікірталас ұйымдастырып, жаңа көзқарастардың атырабын бір торапқа тоғыстыру үшін алғашқы мәжіліске жас та болса, тәжірибесі мол, үлкен жобаларда ірі жетістіктерге қол жеткізіп, өз салаларында айтулы проблемалардың түйінін шешіп жүрген жастар тобы шақырылды. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқат Ораловтың айтуынша, «JASTAR: ózekti másele» алаңы қоғамдағы өзекті мәселелерді әр саладағы білікті мамандармен бірге атқарып шешу үшін таптырмас орын.

«Жаһандық пандемия қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайына үлкен өзгерістер жасап, күнделікті тұрмыс-тіршілікке түбегейлі түзету енгізді. Осы орайда Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауы барлық түйткілді мәселелердің шешімін табуға серпін беруі тиіс. Президент адам капиталының дамуына да үлкен мән берді. Осы орайда, ертеңгі қоғамның негізгі іргетасы бүгінгі өскелең ұрпақ, яғни жастар екенін ескеруіміз керек», - деді Асхат Оралов.

 

Өз кезегінде мәжіліске қатысушылар Президент Жолдауының негізгі бағыттарын талқылап, Қазақстан жастарының мәселесіне де тоқталды. Осы орайда, сарапшылар тарапынан халықтың санасын жаңғыртуға бағытталған бастамалар да ұсынылды. Сонымен қатар, пандемия кезінде жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесі де көтеріліп, әлеуметтік кәсіпкерлікке көңіл бөлуге шақырды. «Green TAL» әлеуметтік шеберлік қоғамының негізін қалаушы Эмин Әскеровтің пікірінше, бүгінгінің басты мақсаттарының бірі – патриот жастарды тәрбиелеп, саналы қоғам қалыптастыру.

«Пандемиядан туған дағдарыстың салдарынан қазір жұмыс орындары қатты қысқарып жатыр. Нәтижесінде, ауылдарда маргинал жастар көбейіп кетті. Сондай-ақ шетелге біржола кетіп қалуды аңсайтын жастардың да көптігі алаңдатады. Осындай жағдайларға тосқауыл болу үшін елдегі экономикалық жағдайды жақсартып, жастардың санасын жаңғыртатын жобалар қажет. Осы орайда әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауымыз керек. Олардың саны Қазақстанда 250 ғана. Салыстырмалы түрде айтайық, Ұлыбританияда 70 мың әлеуметтік кәсіпкерлік топ тіркелсе, АҚШ-та олардың саны 160 мыңнан асады екен. Жалпы мынаны түсінуіміз керек: әлеуметтік бизнес тұтынушылардың нақты бір проблемаларын шешу мақсатында пайда болып, қоғамның әлеуметтік осал топтарының мәселелерін шешеді. Сондықтан, мұндай жобаларды қолдау арқылы біз халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартамыз, - деді Эмин Әскеров.

Мәжілістің қорытындысы бойынша сарапшылардың барлық ұсыныстарын салалық мамандардың өңдеуіне беріліп, әрі қарай жүзеге асырылуы үшін тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Басқармасының төрағасы Данияр Есиннің айтуынша, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру үшін қоғам болып бірігіп, көзі ашық, бәсекеге қабілетті жастарды бірлесе тәрбиелеуіміз қажет.

 

«Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасына 3 жыл және оның басты ұстанымдары көп жағдайда жастарға арналған. Сондықтан жастар саясаты тұрғысындағы мәселелерді шешу және қоғам арасындағы байланысты орнату құнды дүние. Осындай пікірталас алаңдарын ұйымдастырып, жастардың заманауи көзқарасы арқылы қоғамның түйткілді мәселелерін оңтайлы шешуге әбден болады, - деді Данияр Есин.

Дөңгелек үстелге ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов, «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ» Басқармасының төрағасы Данияр Есин, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, «Жастар» ҒЗИ директоры Аян Сакошев, ҚР Парламентінің Сенаты аппарат жетекшісінің орынбасары Максим Споткай, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы» Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев, ҚР Жоғарғы Сот аппараты жетекшісінің орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов, ҚР Кәсіподақтары Федерациясының төрағасының орынбасары Қайрат Жанабеков, «Green TAL» әлеуметтік шеберлік қоғамының негізін қалаушы Эмин Әскеров, сондай-ақ, ғылыми және шығармашылық қоғамдастықтың өкілдері, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты.