ҚЫЗЫ ЕДІМ МЕН УӘЛИДІҢ, АТЫМ МАЙРА

Шамсутдинова Майра Уәлиқызы (1890-1927 жж.)

Шамсутдинова Майра Уәлиқызы (1890-1927 жж.)

Ең көп із қалдырған қызмет саласы

Көрнекті халық әншісі, ұлы «Майра», композитор, ән жинақтардың авторы Павлодарда (сол жылдары Кереку қаласы) татар бөрікші мен Қатира есімді қазақ әйелінің кедей отбасында дүниеге келген. Майра композиторлық таланты мен орындаушылық қабілеті бар, кәсібилікке жеткізетін қайталанбас феномен болды. Тамаша вокал, төмен және әдемі контральто, дауысының кең ауқымы оған классикалық, халық әндерін, замандастарының туындыларын және жеке туындыларын орындауға мүмкіндік берді. Онымен қоса, Майра әдемі киініп, өзін тәуелсіз, абыройлы ұстайтын.

Қызықты өмірбаян деректері

Ерекше дарынға ие, әдемі, зор дауысты және абсолютті есту қабілеті бойына дарыған Майра отбасындағы жалғыз бала болды және оның салған әніне таңданбауға болмайтын. Ол 13 жасынан бастап ән сала бастады. Қаржылық жағдайларға байланысты Майраның ата-анасы оған музыкалық білім бере алмады, бірақ олар қыздарына тальянка сырнайын сатып алып берді.

Халық Майраның аспапта ойнағанын көріп, әнін тыңдау үшін әкесінің үйіне жиналатын. Он төртке толар-толмас кезінде Майра Ертіс өңіріне танымал болады. Ол барлық мерекелерде ән салатын. Қазақ, татар және орыс тілдерінде шебер өнер көрсетті. Ол өзінің өнерін Иса Байзақов, Қали Байжанов және Әміре Қашаубаевпен бірге Баянауыл мен Қоянды жәрмеңкелерінде көрсетті. 

Тұлға туралы қазіргі замандастардың естеліктері, зерттеушілердің, оқушылардың, ұрпақтардың пікірлері

А. Затаевич естеліктерінен

«Мен Омбыдан Семейге дейін Ертіспен жүзіп келе жатқан «Ленинград» үлкен жолаушылар кемесі Павлодар эстакадасынан жүзген бойда, 3-ші кластағы каюта терезелерінен контральто тембріндегі әдемі, қоңыр дыбыстарды естідім. Бұл  дауыс иесі мүлде күтпеген сүйемелдеумен қазақ әндерін шырқады ... керемет үйлесімділік! Әрине, бір минуттан кейін мен төменге түстім және отыздар шамасындағы әдемі, жіңішке, салқындау жүзді және жағы қушиған қара торы әйелді көрдім. Оның құлағына ұзын шығыс сырғалары, мойнына бірнеше қатар түрлі-түсті алқа тағылған. Оның жібек көйлегі мен иығындағы орамалы да түрлі-түсті болды. Сонымен қатар, осы түстердің барлығының үйлесімділігі әншінің жақсы талғамын байқатты, оның машықтанған өнерпаз екенін болжау қиын емес еді».

Александр Затаевич талантты орындаушының болашағы туралы алдын-ала пайымдап, Майраға өзінің болашақ қойылымдарына қатысты көптеген ұсыныстар жасады. Алайда, бұл жоспарлар іске аспады. Кемедегі кездесу 1926 жылдың жазында болса, 1927 жылдың қаңтарында Майра өмірден өтті.

А.Затаевич өзінің «Қазақ халқының 500 әні мен күйлері» кітабына түсініктемеде былай деп жазды: «Омбыға қайтып келе жатқанда, мен Майраны Павлодар айлағында кездестірдім, достықрәуіште қоштастым, сол жолы мен оны әдеттегідей өзінің әсем костюмімен соңғы рет көргенімді білмедім».

Өміріндегі Қазақстанмен, қазақ халқымен байланысты бірегей оқиғалары 

Майра Шамсутдинова қазақ әйелдерінің арасынан бірінші болып актриса атанды. 1926 жылы Керекуде драмалық үйірме ұйымдастырылды, ол кейінірек драма театрына айналды.

Мұхтар Әуезов Майраны 1924 жылы Семейде өзі ұйымдастырған халықтық таланттардың үлкен концертіне қатысуға шақырғаны таңқаларлық емес. Кереку пен Семейді байланыстыратын ең ыңғайлы жол - Ертіс өзенінің бойымен жүретін кеме, сол себепті оның жолаушылары да Майраның өнеріне риза болды. 

1926 жылы осындай пароходта Майра әйгілі фольклортанушы, халық күйлерін нәзік түсіне де сезіне білетін Александр Викторович Затаевичпен атақты кездесуі өтті. 

Майра әндерді сырнайға қосылып орындады. Сырнай тез арада қазақ халқының ықыласына ие болды және Майра секілді халық орындаушыларының ерекше таланты арқасында танымал болды. 

Шығармашылық мұрасы

Александр Викторович ұзақ уақыт бойы Майра Шамсутдиновамен танысқысы келді. Бір жазда ол Ертісте қайықпен жүзіп бара жатып, ерекше сұлу әйелдің дауысын естиді. Бұл Майраның дауысы еді. Палубада Затаевичтің өзі шырқалған әндердің сөздері мен музыкасын жазып алған. Тек Затаевичтің арқау болуымен ұлы Майраның репертуарынан 14 ән біздің күндерімізге дейін сақталды. 

Кейіннен бұл әндер оның «500 қазақ әні мен күйі» жинағында жарық көрді. Бұл жазбаларда Затаевич Майраның портретін және оның сырнайдың сүйемелдеуімен ән салғандағы әсерін жеткізеді. Ол орындаушының көрнекті көркемдік қабілеттерін бірінші болып байқады.

Марапаттар

«Майра» әні (тағы бір атауы - «Убайра», «Райра», «Хару-раку-райра») - ақындар дәстүрінде жазылған өзіндік музыкалық «автопортрет» - үлкен танымалдылыққа ие болды. Сонымен қатар оның «Бақша» әні әдемі әуен мен махаббат поэзиясымен баурап алып, ән лирикасының классикасына енді.

ХХ ғасырдың бірінші ширегі туралы айтатын болсақ, Қазақстанның музыкалық мәдениетінде ойып тұрып орын алатын Майра Шамсутдинованың еңбегін елемеуге болмайды.

Библиография

  1. Павлодар. Павлодар облысы. Энциклопедия. - Алматы: Казахстан, 1969.
  2. Павлодарское Прииртышье. Энциклопедия. – Алматы, 2003. – 291 б.
  3. Зовут меня Майра // «Нива» журналы, №7, 2008. .
  4. «Ертістің Павлодар өңірі энциклопедиясы». - Павлодар: ЭКО, 2013.
  5. «Павлодар - город на Иртыше». - Павлодар: ЭКО, 2017.

Естеліктер

 Халықтың әншіге деген сүйіспеншілігін оның есімі Павлодар мен Алматыдағы көшелерге берілгеннен көруге болады. Сонымен қатар, Павлодарда Майра атындағы халықтық өнер музей-үйі құрылды.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде жыл сайын аккордеонмен, баянмен және сырнаймен сүйемелденетін Майра атындағы Халықаралық жас әншілер байқауы өтеді.

Павлодар облыстық Г. Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде Қоянды жәрмеңкесінің панорамасы ұсынылған, оның ішінде жәрмеңкенің жарқын кейіпкері - қолында сырнайы бар Майра Шамсутдинова.

2018 жылдың шілдесінде Павлодарда Майра Шамсутдинованың қола ескерткіші ашылды.