ҚОШ БОЛ, ЧЕМПИОН!

«Сен қаншалықты керемет болсаң да, қаншалықты жетістікке жетсең де, сен ең алдымен Адамсың! Ең алдымен сен Өмірге ие адамсың. Барлық адам тең! Өмір – өте нәзік нәрсе. Меніңше, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік, халыққа деген махаббат осындай негізгі нәрселерді түсінуден басталады...»

 

Ең көп із қалдырған қызмет саласы

Аты аңызға айналған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Бильман айналуын орындаған санаулы ерлердің бірі.

Денис Тен алғашқы жеңісіне 12 жасында 2006 жылғы Қазақстан біріншілігінде жетті. Он үш жасында ол Голландиядағы жасөспірімдер сынағында оныншы болды. Мәнерлеп сырғанаушының қоржынында Haabersti Cup пен Dragon Trophy – мәртебелі халықаралық жарыстардың медалід де болды.

 

Қызықты өмірбаян деректері

Болашақ чемпион Алматыда туды және өмірінің көп бөлігін мұз үстінде өткізді. Мәнерлеп сырғанумен денсаулық тобынан бастап айналысты.

Корей империясы заманындағы генерал Мин Гын Хоның тікелей ұрпағы Денистің ақсүйектің тамыры бәрінен байқалып тұрды. Оны әріптестері «сыпайы және ескергіш» деп сипаттайтын.

 

Тұлға туралы қазіргі замандастардың естеліктері, зерттеушілердің, оқушылардың, ұрпақтардың пікірлері

Жанкүйерлері Тен туралы әлеуметтік желілерде былай деп жазды: «Бізді өзгерткен Бейсенбі», «Барлығымыз үшін қаралы күн», «Кешір, Денис, қош бол, Денис!», «Қайғырамыз және есімізде сақтаймыз, сен – біздің чемпион ... Мәңгі ...», «Сен менің елімді өзгерттің», «Рахмет, чемпион!», «Біз ешқашан бұрынғыдай болмаймыз».

Алексей Ягудин, өмірі қайғылы түрде аяқталған талантты қазақстандық спортшымен дос болғаны белгілі: «Мен Денистің қалайша мұндай қасиеттерге ие болғанын білмеймін - шынайы мейірімділік, ашықтық, жауаптылық. Бірақ ол сондай және әлі күнге дейін менің бойымда осындай эмоцияларды оятады... Денис Қазақстанда мәнерлеп сырғанау өнерінің биік белеске жетуін армандады ...».

Илья Авербух: «Ол үлкен жүректі, зор білімді адам еді. Мен жан-жақты жетілген адамдарға құрметпен қараймын. Ол көп нәрсе жасады - сценарийлер мен музыка жазды, суретке түсірумен айналысты …»

Елена Радионова, жасөспірім әйелдер арасында жалғыз сырғанаудан әлемнің екі дүркін чемпионы: «Мен одан әрдайым үлгі алдым, бүкіл әлем одан үлгі алады және алдағы уақытта өскелең ұрпақ та одан үлгі алса екен деймін. Денис тек көрнекті тұлға емес, ұлы спортшы болды, сонымен қатар ол зиялы, қарапайым әрі ақылды болды ...»

 

Өміріндегі Қазақстанмен, қазақ халқымен байланысты бірегей оқиғалары

Қазақстан намысын 2010 жылғы Олимпиада ойындарында қорғады, онда ол ерлер арасындағы ең жас қатысушы (16 жаста) болды. Олимпиадада жарыстың соңғы кезеңіне шыға алған алғашқы жалғыз қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы. Оған болашақта үлкен үміт артылған еді.

 

Шығармашылық мұрасы

  • 2008 ж. ISU турнирінде медаль алған алғашқы қазақстандық фигурист болды.
  • 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарының чемпионы.
  • 2013 ж. Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
  • 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.
  • 2015 жылғы Әлем кубогының қола жүлдегері.
  • 2015 жылдың төрт құрлық біріншілігінің чемпионы.
  • Қазақстанның бес дүркін чемпионы.

2013 жылдан бастап, ол әлемге әйгілі мәнерлеп сырғанау жұлдыздары қатысатын «Денис Тен және оның достары» мұз шоуын ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың ресми мәліметтеріне сәйкес, жобаны тікелей тамашалау мақсатында жыл сайын мұз шоу-бағдарламасына 500-ден астам туристер (негізінен Жапониядан) қатысатын.

2019 жылдан бастап Алматыда мәнерлеп сырғанаудан Денис Теннің атындағы «Денис Тен мемориалы» халықаралық турнирі өткізіледі.

 

Марапаттар

2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай медальмен марапатталды

2013 жылы Атырау қаласында өткен «Менің Қазақстаным» атты VI Республикалық патриоттар форумына шақырылып, «Әлем таныған Қазақстан» номинациясымен марапатталды

2014 жылғы 3 наурызда Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру агенттігінің «Жыл жаңалығы» номинациясында «Жыл спортшысы» сыйлығымен марапатталды

2014 жылғы 17 сәуірде «2014 жылы Сочидегі XXII Қысқы Олимпиада ойындарындағы жоғары спорттық жетістіктері үшін» Құрмет орденімен марапатталды

2015 жылғы 2 маусымда Тен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған медалімен марапатталды

2017 жылғы 7 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 821 қаулысымен Денис Тен «Спорт» номинациясы бойынша «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды.

Тен көптеген бағыттар бойынша дарынды болды: байқауларда жеңіске жетіп, білім алып үлгерді, музыка мен өлең жолдарын шығарды, фотографиямен айналысты, өз фильмінің сценарийін жазды. Сонымен қатар, конькимен жүгіруші балалардың шеберлік сабақтарын, қойылым бағдарламалары мен коучингтер өткізуге уақыт бөлді.

Оның жеке шоуы – ең табысты жоба болды. Әлемнің ең үздік фигуристері спортшының Отанында, қазақстандықтардың алдында өнер көрсету үшін жиналатын. Шоуда шетелдік жанкүйерлер, әсіресе Жапония, Қытай және Ресейдің жанкүйерлері көп болды. Денистің арқасында Қазақстан мәнерлеп сырғанау өнерімен танысса, өзге елдердің көптеген жанкүйерлері Қазақстан және оның мәдениетімен танысты.

Көрнекті спортшы, танымал тұлға және жай ғана жарқын адам 2018 жылдың 19 шілдесінде өмірден өтті. Денис Тен күндіз Алматының дәл орталығында қаза тапты. Бұл қасырет ешкімді бей-жай қалдырмайтын қоғамдық наразылықты тудырды. Танымал қазақстандық спортшының қазасы оның әріптестері мен бүкіл әлемдегі жанкүйерлерді естен тандырды.

Денистің қайғылы өлімінен кейін алматылықтар сүйікті спортшының қайтыс болған жеріне, Мемориал жанына гүлдер, жұмсақ ойыншықтар мен жағылған шамдар әкелуде. Денисті еске алуға көптеген өлеңдер мен әндер, оның ішінде Олжас Сүлейменов, Олимпиада чемпионы Алексей Ягудин, Ерлан Көкеев және басқалары арнайы өлең жолдарын арнады. 

Библиография

 

 

  1. Лисецкая А. Денис Тен: вспоминаем, каким был казахстанский король льда // NUR.KZ. 2018-07-19. https://www.nur.kz/author/aleksandra-liseckaa.html.
  2. Розмат З. Он был легкий, свободный и смелый: Памяти Дениса Тена // Steppe. 20 июл, 2018. https://the-steppe.com/mneniya/on-byl-legkiy-svobodnyy-i-smelyy-pamyati-denisa-tena.

 

Естеліктер

 

2018

  • Алексей Ягудиннің «Тает лед» бағдарламасының Денис Тен туралы арнайы шығарылымы.
  • «Денис Тен» қоғамдық қоры құрылды.
  • D10 World көрмесі, қазақстандық фигурист Денис Тенге арналған.

2019

  • Мәнерлеп сырғанаудан турнир және жыл сайын Тенді еске алуға арналған Мұзды шоуы өткізіледі.
  • Алматыда Денис Тен мемориалы ашылды. Айтулы спортшы өлімші болып жарақат алған жерге қола мүсінін орнатты. Биіктігі екі метрден асатын ескерткішті Ресей мүсіншісі Матвей Макушкин бес айда дайындады.
  • Олимпиада чемпионы Алексей Ягудин Алматыда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қорының ұйымдастыруымен жас спортшыларға шеберлік сабағын өткізді.

Соңғы бір жылдың ішінде Денис Тенді бірнеше рет еске алды. Ресей құрамасының қорытынды сырғанауы маусымының басында спортшыны еске алған сөз айтылды. Канададан келген жұп Кэйтлин Уивер мен Эндрю Поже Денис Теннің құрметіне арналған еркін билерімен сайыста жеңіске жетті. Мәскеудегі «Ростелеком» кубогының ашылуында орын алған үрдіс секілді, Француз сахнасы толығымен Тенді еске алуға арналды.

Жапония әлем кубогының соңғы маусымында Денистің фотосуреттер көрмесі өтті. Сайтамдағы әлем чемпионатында Қазақстаннан мәнерлеп сырғанаудан жалғыз әйел өкілі Елизавета Тұрсынбаева талантты отандасымыздың нәтижесін қайталап, күміс жүлдеге ие болды. Ол сонымен қатар өзінің демонстрациялық қойылымын Денис Тенге арнады.

Бұл екі спортшыдан басқа, бір де бір қазақстандық мәнерлеп сырғанушы әлем чемпионатының тұғырына көтерілген жоқ.

Денис Теннің жыл сайынғы мұз шоуын өткізу дәстүрі қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Бұл деңгейдегі конькимен мәнерлеп сырғанаушылардың Қазақстанда пайда болатын-болмайтындығы әзірге белгісіз, алайда бір нәрсе анық: Денис ол үшін бар күшін салды. Ол өмірін туған елінде мәнерлеп сырғанауды дамытуға арнаған ерекше тұлға болды. Мұндай спортшыларды еске алу аса маңызды.