«Birgemiz» ұлттық волонтерлік республикалық фронт-офисі волонтерлік саласындағы «Жаттықтырушыларға арналған тренинг» өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда 2020 жыл Волонтер жылы деп жарияланды. Бұл үмітке, игі істерге толы уақыт. Жақсылыққа жаны құмар еріктілер көмекке аса мұқтаж жандарға көмек көрсетуде бар күштерін салып, бірге әрекет етті. Коронавирустық инфекцияның пандемиясы кезінде волонтерлер азаматтарымызға үлкен қолдау көрсетіп, еліміздегі қиын-қыстау кезеңде алдыңғы шепте жүрді.

 «Birgemiz» волонтерлері Республикалық фронт-офисінің қызметі аясында 28 тамыз күні волонтерлік саласындағы «Жаттықтырушыларға арналған тренинг» республикалық мектебі өз бастауын алды.

Қазақстанның барлық аймағынан келген қатысушылар алдағы уақытта өз аймағындағы волонтерлерге семинарлар өткізу үшін тренинг жасау дағдыларын үйренуге мүмкіндік алды.

Талаптарға сәйкес, Қазақстанның барлық аймағынан жалпы 43 үміткер іріктелді. Барлық қатысушылар ораторлық шеберліктен бастап жаттықтырушының ішкі тұрақтылығына дейінгі түрлі дағдыларға қатысты білім алды. Сондай-ақ, білім беру бағдарламаларын дайындау, жаттықтырушының дағдыларын талқылау, аудиториямен жұмыс жасау сынды салалар қамтылып, практикалық сабақтар енгізілді.

Сабақ  Zoom платформасы арқылы онлайн форматта жүргізілді. Сессияға Қазақстаннан бөлек, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Бельгия мен Армения елдерінен спикерлер қатысты.

Тренингтің нәтижесінде қатысушылар ақпаратты жеткізу дағдыларын, топпен байланыс және сенімді қарым-қатынас орнату тәсілдерін үйренді. Сонымен қатар, көпшілік алдында сөйлеу стилін игеріп, өзіндік оқыту бағдарламаларын құра алды. 

Бұл бастаманың мақсаты – игерген білімін алдағы уақытта аймақтық волонтерлерге бере алатын бапкерлерді дайындау.

Оқу аяқталған соң, қатысушылар аймақтардағы волонтерлерді оқыту арқылы өз дағдыларын іс жүзінде қолдану мүмкіндігіне ие болады. Жалпы, алдағы уақытта Қазақстанның барлық аймағынан 500-ден аса волонтерді оқыту жоспарланған.